СОЦИАЛИЗМ
Кинотеатрдың шығыс және батыс қасбеттері тығыз орналасқан нышандары мен кейіпкерлері сол дәуірдің ең өзекті идеологиялық құрылымдарының романтикаға толы сәттерін бейнелейтін барельефтермен жомарт өрнектелген.

«Мен үшін қабырғалардағы осы оқиғалардың өзі арман, сол кезеңдегі армандардың шоғырланған кескіндемесі», - дейді Майра Кубаниязова, кинотеатрдың соңғы кеңестік директоры. Ол кісі «Арманды» басқарған кезеңнен бері жиырма жыл өткен екен. «Өзіңіз ойлап көріңізші, 1968 жыл – ғарыш, тың, жаңа қалалар салу... Әрине, мұнда насихат та бар, бірақ бұрын басқаша болуы мүмкін емес еді. Рас, мұндай бірегей монументалды өнер туындысын жасау әркімнің қолынан және әркезде келе бермейтін.»

Киноактер және продюсер Бөпеш Жандаев өзін «орталықтың жасөспірімімін» деп атайды. «Арманнан» бірнеше ғана квартал жерде орналасқан № 56 орта мектепте оқып жүріп, ол арасында сабақтан қашып, кинотеатрға баратын еді, сол кезден бері бұл ғимарат оған сәулелі ғимарат болып көрінеді. Ол да, Кеңес дәуірінің басқа адамдары сияқты, бала кезден социалистік реализмнің насихат эстетикасы кең тараған ортада өскенін айта отырып, идеологиялық бейнелер шындықпен жанаспаған көптеген қисынсыз жайттарды еске алады.
Мен бұдан осы [барельефтер] заман адамына қарсы ештеңе көріп тұрған жоқпын
Бөпеш Жандаев, суретші-қоюшы
Дегенмен, «Арман» барельефтерінің қаһармандық сипаты бүгінгі таңда Бөпешті ешбір абыржыта алмайды. «Мен бұдан осы заман адамына қарсы ештеңе көріп тұрған жоқпын. Мәселен, біз Караваджо немесе Рафаэль туындыларының дінді насихаттау міндеті туралы емес, көркемдік құндылығы жайында айтамыз ғой. Бұл сондай сипатта болған дәуірден қалған мұра. Барельефтерді сыдырып тастап, орнына басқа бірдеңе жасау ақымақтық болмақ. Бұл санамыздың төмендігін, таяздығын білдірер еді. Қалалар мәдениеті өздерінің тарихи құндылықтарын сақтауға тырысуымен ерекшеленеді», - дейді Бөпеш.

«Vласть» интернет-журналының бас редакторы Светлана Ромашкина да Алматыда өскен, бірақ Бөпештен кейінгі буынның өкілі. Ол кезде социалистік насихат келмеске кетіп, жоққа шығарылып, қоғам тез өзгеріп, қайта құру, жеделдету, жариялылық сияқты жаңа идеялар пайда болып жатқан еді. Светлана көпке дейін күнделікті тұрмыстағы заттар секілді «Арманның» барельефтерін, басқа да монументалды өнер үлгілерін байқамаған.

«Мұны бағалай білу үшін оны күнделікті көріп өсу немесе оған үйрену міндетті емес. Бұл орынның тарихын білу керек, оған ерекше көзқараспен қарап, үнемі назарда ұстап, ерекшелігін сезе білу керек. Егер менің балам болса, мен оған мына мозаикалар мен барельефтерді көрсетер едім, олардың қандай еңбекпен жасалатынын түсіндірер едім, сол кездегі суретшінің ойын, оның заманының қандай болғанын ашып айтар едім», - дейді Светлана.
Мұны бағалай білу үшін оны күнделікті көріп өсу немесе оған үйрену міндетті емес. Бұл орынның тарихын білу керек, оған ерекше көзқараспен қарап, үнемі назарда ұстап, ерекшелігін сезе білу керек
Светлана Ромашкина, «Vласть» интернет-журналының бас редакторы
Наргиз Шүкенова, Батырхан Шүкенов қорының директоры және Clique кинофестивалінің продюсері, миллениал ұрпақтарының бірі. Ол «Арман» барельефтерін сынаудан аулақ. «Өткен дәуірді сынау өте қиын, оның үстіне, кез келген өнер туындысын қандай да бір құндылықтың насихатшысы деуге болады. Мәдени туынды – көркем шығарма болсын, театр туындысы болсын, кино бәрі де – сол құндылықтар туралы ой толғауға себеп, сондықтан мен өткен дәуір мұрасын сақтауды қолдаймын. Бұл біздің өткеніміз туралы ұжымдық естелік. Бүгін біз өткен заман қасіретін – репрессияны, ашаршылықты, Аралдың құрдымға кеткенін, Семей полигонын – ой елегінен өткізіп, саралай аламыз және ол біздің маңызды міндетіміз. Өткен ұрпақ адасушылық жолға итермеленді, бірақ ол үшін мен оларды кінәлай алмаймын», - деп ойлайды Наргиз.
Өткен дәуірді сынау өте қиын, оның үстіне, кез келген өнер туындысын қандай да бір құндылықтың насихатшысы деуге болады
Наргиз Шукенова
Наргиздің әкесі, кинотеатрдың қазіргі директоры Бауыржан Шүкенов 1980 жылдары Қызылордада қызмет атқарған, астанаға іссапармен жиі келіп, «Қазақстан» қонақ үйіне тоқтаған кездерде, «Арман» кинотеатрына киноға бару үшін билетті әзер алғанын еске алады. Оның ойынша, уақыт өткен сайын барельефтер мен паннолардың насихаттаушы өрнектерінің өткен дәуірлердің куәсі ретінде де, сол кездегі техникаға лайық орындалған социалистік реализмнің көркем туындылары ретінде де тарихи құндылығы артып барады. «Формасы жағынан ұлттық, мазмұны жағынан социалистік бұл туынды қазір де заманауи сипатта, өйткені ол сол кезде үстемдік құрған идеологияны ғана айтып қоймайды, сол заманның адамдары туралы – біздің ата-аналарымыз туралы да сыр шертеді», - дейді Бауыржан Шүкенов.
Қазіргі Қазақстандағы монументалды өнер дегеніміз не - президент ескерткіші ме, әлде Горький паркіндегі түйенің бейнесі ме?
Светлана Ромашкина
«Бүгін біз бұл туындыдан келмеске кеткен империя туралы насихатты емес, қала мен ғимаратқа ерекше өң беретін сәулет өрнегін көреміз. Сюжеті – адамның ғарышқа шығуы, тыңды игеруі, ғылымның ілгерілеуі – тарихтың бір бөлігінен ғана сыр шертеді. Ол заманда ешкімге барельеф арқылы біреуді ұлықтауға, коллективтендіру, репрессияны бейнелеуге рұқсат берілген жоқ және қазір де ешкім оны жасап отырған жоқ қой. Қазіргі Қазақстандағы монументалды өнер дегеніміз не? Президент ескерткіші ме, әлде Горький паркіндегі түйенің бейнесі ме?» - деген сұраққа жауап іздейді Светлана.