ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУ
Кеңестік кинопрокат жүйесі құлаған соң «Арманға» үлкен кинематографтың оралуына он жылдан артық уақыт кетті. 2000 жылдардың басында киноның беделі қайтадан арта бастады, жұрт өзінің киноға деген қызығушылығымен кино нарығын жандандырды. Жаңа кинотеатрлар адамдарды тартатын жаңа орталықтарда – жаңа сауда-сауық орталықтарында ашыла бастады.

Сол кезеңде Бауыржан Шүкенов «Арманға» директор болды. «Техникалық прогрестен қалып қоймау үшін және киноорталықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін сол жылдары көп нәрсені үйренуге тура келді. Аз ғана уақытта пленканың орнын цифрлы проекция басты. Ал қазір ол технологияның өзі де лазерлік проекторларға орын беріп, дәл сондай жылдамдықпен артта қалып барады. Енді интернет пен стриминг қызметі бізбен бәсекеге түсіп отыр. Кинотеатрлар жабылып қалмау үшін жаңа платформаға айналуға тиіс, мен бұған сенем», - дейді Бауыржан Шүкенов.
Кинотеатрлар жабылып қалмау үшін жаңа платформаға айналуға тиіс, мен бұған сенем
Бауыржан Шүкенов, Батырхан Шүкенов қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы, кинотеатрдың директоры
Бауыржан Шүкеновтің қызы Наргиздің ойынша, кинотеатр бүгінгі таңда молдағы сауықтық қызмет көрсететін сұрқай дүңгіршіктердің бірі сияқты бұқаралық тұтынушыға біркелкі репертуардағы көңіл көтеру қызметін ұсынбауға тиіс. «Кинотеатрдың алға қойған міндеті жетекшілік, бастаушы қызмет болуы керек. «Арман», негізінде – кинотеатр, пікірлес, құндылықтары ортақ адамдардың бас қосып, уақытты бірге өткізуіне мүмкіншілік жасайтын көрме және білім беру кеңістігі. Мәдени нысандардың міндеті – үнемі заманауи, еркін және үндестікте болу», - дейді Наргиз.

Қайта құрылған «Арман» 2000 жылдары Наргиз үшін ең алғашқы кинотеатр еді. Әкесі әйгілі кинотеатрдың басшылығын қолына алмай тұрып, оны қызыл залдағы Брайан Де Пальманың «Миссия на Марс» атты фильміне апарған болатын.

«Әкем кинотеатрда жұмыс істей бастағанда, кинотеатр менің бос уақытымды өткізетін және маған қуат беретін орынға айналды. Мен не достарыммен жүретінмін, не кинотеатрда болатынмын», - деп әңгімелейді Наргиз. «Фильмдерге тегін кіретінмін, сондықтан да бәрін көрдім. Балалық шағымның көп естеліктері «Арманмен» байланысты: Батыр ағамның «Отан ана» альбомының тұсаукесері, концерттер, тұсаукесер, кездесулер, түсірілімдер. Бұл тамаша орын еді, бірақ 10 жылдай уақыт бұрын маған мұнда көп нәрсе ескіргендей, жаңартуды қажет ететіндей көрінетін. Бес жыл өткен соң мен оны анық сездім».
Кинотеатрдың алға қойған міндеті жетекшілік, бастаушы қызмет болуы керек. «Арман», негізінде – кинотеатр, пікірлес, құндылықтары ортақ адамдардың бас қосып, уақытты бірге өткізуіне мүмкіншілік жасайтын көрме және білім беру кеңістігі.
Наргиз Шүкенова, Батырхан Шүкенов атындағы қордың директоры, Clique кинофестивалінің негізін қалаушы
Уақыт тағы өзгерді, «Арман» да өзгерді. Бұл ғимаратқа не болды, алда не күтіп тұр, оған Burger King-тің қосылуы, Starbucks-тың ашылуы, қасбеттер мен интерьердің қайта өзгеруі қоғамдағы өзгерістер мен оған сәйкестікті көрсетеді. «Бұл үдеріс қандай жаңа кейіпке ие болатынын алдын-ала айту қиын, бірақ «Арманға» қарап, біздің жаңа тарихымыздан қалыспай келе жатқан, қатталып, жиналып қалған оқиғалар мен ойларды барлап, мөлшерлеуге болады», - дейді Наргиз.
Сондай қабаттардың бірі – жылдар бойы жабық жатып, кейін қайта жарыққа шыққан екінші қабаттағы панно. Бауыржан Шүкенов бір жарым жыл бұрын артында барельеф жасырылып қалған гипсокартон қабырғаны бұза бастады. Оның жарты ғасырлық ғұмырының жиырма жылы жөндеуден кейін адам көзінен тасада өтті, себебі ол уақыт талабына сай емес еді. «Бүлінген, темірмен тесілген, бірақ әлі «тірі» панно ашылған кезде Бауыржан «Ғимараттың тыныс ала бастағанын сездіңдер ме?» - деді. Біз оны шынымен де сездік, - дейді «Vласть» интернет-журналының бас редакторы Светлана Ромашкина. «Мені барельефтің ашылуына шақырғанда, мен оның маңыздылығын түсіндім. Егер оқиға одан он жыл бұрын болған болса, мүмкін, мен оған басқаша көзбен қарар ма едім. Ұмытылған көркем мұраның құндылығын түсіну бізге біртіндеп, сол өнер мен сәулет мәнері толығымен көп жылға ұмытылғаннан кейін ғана оралады», - деп мойындайды ол.

Бауыржан Шүкенов дәл осы барельефтің табылуы «Арманның» өзгеруіне түрткі болды деп санайды. «Біз сәулет өнерінің мәнін, маңызын, адамның өмір сүру ортасын қалыптастырудағы орнын түсіне бастадық. Алматыда ғажап дүниелер бар, сол ғажайыптар ортасында біздің мәдениетіміз дамыды. Көп нәрсе өз уақытында ойланбастан жасалды, енді ғимараттарымыздың өз энергетикасын қайтару маңызды. Мен оның қайта жаңғырғанын физикалық тұрғыдан сезіндім, мені осы жаққа тартады да тұрады», - дейді Бауыржан. Қызы Наргиз панноның қайта оралуын «әділдіктің қайта орнауына» теңейді.
Фотограф: Дастан Жұмағұлов
Мен «Арманның» әлі де талай сырының ашылмағанына сенімдімін,
тек оған лайықты құрметпен қарау керек.
— Светлана Ромашкина
«Арман» Светланаға қазыналы сандықты елестетеді. «Кейіннен қосылған кіреберіс құрылысын алып тастаған кезде сол жерден 1960 жылдардағы маңдайша тақтасы табылды. Одан кейін Қырғызстаннан, Ыстық көл жағасынан кезінде кинотеатр Чолпон ата қаласына сыйға тартқан қыз баланың мүсіні табылды», - дейді ол. «Мен «Арманның» әлі де талай сырының ашылмағанына сенімдімін, тек оған лайықты құрметпен қарап, оны да, кез келген басқа мұра сияқты, зерттеу керек. Ол нағыз ескерткіш, тек сәулет өнерінің ғана емес, біздің өміріміздің де ескерткіші».