Кеңес үкіметі кезінде барлығы, оның ішінде кинопрокат та әкімшілік-ұжымдық әдіспен басқарылды. Бәрін орталықтандырылған кинофикация бөлімі басқарды, алдын-ала жоспар құрылып, сол жоспар бойынша фильмдер таратылып отырды. Жүйенің құрдымға кетуі барлық саланы, соның ішінде киноны да қамтыды. «1990 жылдары кинотеатрлар жабыла бастады, кейбіреулері жиһаз салонына айналды, бірақ «Арман» ондай күйге түскен жоқ», - деп әңгімелейді кеңес дәуіріндегі кинотеатрдың соңғы директоры және қазіргі кинотеатр әкімшісі Майра Кубаниязова.
Фильмдер «жоғарыдан» келмейтін болды, жергілікті кино нарығы болған жоқ. Бірақ кино көрсетуді ұйымдастыратын жеке кәсіпкерлер пайда болды. «Фильмдерді жеке кәсіпкерлерден алып жүрдік, ал бірер жылдан соң ірі компаниялар, құқық иелері пайда болды», - дейді Майра Кубаниязова.
«Vласть» сайтының бас редакторы Светлана Ромашкина «1997 жылдың жазы, сыныптас достарымызбен киноға баратынбыз», - деп еске алады. «Кинопрокаттың бұрынғы жүйесі құрдымға кеткен, бірақ анда-санда фильмдердің көшірмелері әлдеқалай экранға шығып қалатын. Біз «Арманда» жердің басқа жағындағы американдық мектеп оқушылары туралы комедияны көреміз. Өзіміз шамалас еркін әрі ашық құрдастармен экран арқылы жүздесу керемет болып көрінетін. «Біз ешқашан олардай бола алмаймыз» деп ренжуші едік, кинодан соң Абай даңғылымен серуендеп жүріп».
Кинозалдардың киносыз қалуының себебі өте қарапайым. «Бізде киноны сатып алуға ақша болмады, ал киносыз кинотеатр жалға берілетін орын болатын», - дейді Майра. «Арманда» әртүрлі іс-шаралар өткізіле бастады, ал демалыс күндері қазіргі түнгі клубтардың алғашқыларының бірі «Факир» дискотека өткізетін.
Кинотеатр 1999 жылы 2000 жылдың мамыр айында жаңа бейнеде қайта ашылу үшін жөндеуге жабылды. Алдыңғы жағына кіреберіс салынды, интерьері өзгерді, ең басты өзгеріс – ішінде қысқы бағы бар ішкі ауласы алынып тасталды. «Архитектор Александр Коржемпоның айтуынша, ол аула орнындағы кеңістікті адамдардың кинематографпен кездесу алдында қала шуынан дем алып, тынығуы үшін жасаған», - дейді Светлана өзінің кинотеатр жобасы авторымен кездескені туралы айтып. «Әлі есімде, анам екеуіміз шынының ар жағында – кинотеатр ішінде отырғандаймыз, бір жағынан, сыртта отырмыз. Айналамызда гүлдер, су, төбемізде көк аспан», - деп ол балалық шағын еске алады.
Жөндеуден соң «Арман» киноорталық атанды, бірақ дискотека ішкі ауланың төбесі жабылған соң пайда болған атриумда қалды. Залдар сақталып қалды, бірақ қалған кеңістіктің барлығы тіпті Республика сарайы деңгейінде дерлік концерттер өткізуге мүмкіндік беретін жаңа жабдыққа ие болған түнгі клубқа арналды. «Бұл біздің жағдайдан шығуымызға көмектесті. Бірнеше жыл сол дискотекалардың арқасында күн көрдік, одан кейін кино қайта жанданды», - дейді Майра.
Маңдайшадағы жазудан үзінді
Кино әлі осында, Қызыл және Көк залдарда, бірақ оның рухы дискотека ырғағымен араласып кетті.
Оның сөзіне қарағанда, қызметкерлер қайта құру жұмыстары қалай болар екен деп уайымдаған, бірақ бәрі нәтижесінде пайдалануға болатын жаңа кеңістік пайда болатынын және кинотеатрды сақтап қалуға мүмкіндік туатынын түсінді. «Ештеңе жоғалтқымыз келмеген, бірақ уақыт талабы солай болды. Әр шаршы метр ақша әкелуге тиіс еді», - дейді Майра.
«Қайта құрудан кейін «Арманды» көргенде, онда түнгі клуб болды, мен сонда «Дискотека Авария» тобының концертіне келген едім», - деп еске алады Светлана. «Холда - мотоцикл мінген Терминатор, екінші қабатта – үлкен пенопласт горилла және масаты дивандар. Жазғы аула жоқ. Оның орнында - төбесі шыны пирамидамен жабылған сахна. Кино әлі осында, Қызыл және Көк залдарда, бірақ оның рухы дискотека ырғағымен араласып кетті. Бір қателіктің болғанын ешкім түсінбеді. «Арман» 2000 жылдар эстетикасына сай, «заманауи» болды. Мен онда кештер мен концерттерге жиірек келетін болдым. Бұрынғыдай, сатып алынған билетпен залға өту үшін емес».
Ештеңе жоғалтқымыз келмеген, бірақ уақыт талабы солай болды. Әр шаршы метр ақша әкелуге тиіс еді
— Майра Кубаниязова, кинотеатр әкімшісі
Суретші-қоюшы Бөпеш Жандаев та кинотеатрдың қайта жөнделуін сол кездің адамдарымен салыстырады. «Кинотеатрда клуб ашылған кезде ол тоқсаныншы жылдардың нувориш китчіне айналды. «Арманға» таңқурай түсті қызыл пиджак кигізіп, алтын шынжыр ілгенде, ол ұсқынсыз кейіпке енді, бірақ, әйтеуір, бәріне төзіп, сол дәуірді шыдамдылықпен бастан өткерді. Оның ішкі күш-қуаты, зор мүмкіндігі осы күнге дейін сақталған».
Түнгі клуб кинотеатрға сіңіп кете алмады. Бәлкім, киноның рухы күштірек болды ма екен? Дискотека да жоқ болды, одан кейін Терминатор, горилла, тіпті кіре берістегі томпақ құрылым да құрдымға кетті. Бұрынғы «Арман» алюкобонд постмодернизмінің әуре-сарсаңын басынан өткеріп, осы кезеңге мұрағаттық фотосуреттерімен, жеке естеліктерімен, жаңадан ашылған барельефтерімен, бізге Алматыдағы алғашқы модернистік ғимараттың қандай болғанын көрсететін деректі киноленталарымен аман-есен жетті.