|
Авторлары:
Давид Камински
Әділжан Псяев
Давид пен Әділжан сәулет өнерін зерттеп қана қоймай, онымен іс жүзінде айналысып жүр, бірақ олардың мұра мәселесіне терең қызығушылықтары, құжаттармен қажымай-талмай жұмыс істеу қасиеттері мен Алматыға деген шексіз махаббаттары олардың осы жобаға қатысуына түрткі болды.
Жұмыс барысында біз барлық мүмкін деген көздерден – мұрағат, әдебиет, тіпті филокартиядан да – материал іздестірдік. Осылайша, біз кинотеатр тарихы туралы толық мәлімет жинадық, ол киген «тәж» бейнесі туралы да мүмкіндігінше ықтимал ойға ие болдық. Олар бұрын көпшілік үшін қолжетімді болған жоқ, көбі алғаш рет жарық көріп отыр.

«Тәждің» тек алғашқы нұсқасын ғана табудың сәті түсті.
Іске асырылған нұсқа бойынша біз «тәждің» тек жалпы бейнесін қалпына келтіре алатындай фото- және видеоматериалдар таптық. «Тәждің» түпнұсқа сызбалары қала мұрағаттарынан табылмады. Александр Коржемпоның сөзіне қарағанда, олар тапсырысты жүзеге асырған Суретшілер одағында сақталуға тиіс еді, бірақ материалдар онда да жоқ болып шықты
Орталық мемлекеттік мұрағатта қаулылар, қорытындылар, жарғылар т.с.с. мұрағаттық құжаттар жинақталған. Олар кинотеатр құрылысының шежіресін жасауға, оны салудағы түпкі ой эволюциясының логикасын жаңғыртуға мүмкіндік беретіндіктен де бірегей болып табылады. Абай алаңынан жер бөлу туралы шешімнің 1963 жылы қазан айының 2 жұлдызында қабылданғаны туралы дерек барлық жұмыстың алғаш қашан басталғанын анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар материалдарда кинотеатрдың алғашқы жобалық сипаттамасы туралы да айтылған. Мәселен, сыйымдылығы 800 адам (іске асырылған нұсқасында - 1000 орын), сондай-ақ екі залдың көлемінің әртүрлілігі (іс жүзінде екі залдың көлемі бірдей).

Алматы қалалық атқару комитетінің 123-жарлығынан кинотеатрға «Арман» атауының берілуі туралы шешімнің 1967 жылдың 14 сәуірінде қабылданғаны белгілі болды. Сол күнге дейін ол «Абай алаңындағы кинотеатр» деп аталған екен.

«Сәулет ескерткіші «Арман» кинотеатры ғимаратының төлқұжаты «тәждің» ғимарат төбесін бүкіл периметрі бойымен жауып тұрғанын дәлелдейді. Құжатта былай делінген: «Кинотеатр биіктігін ұлғайту үшін оның композициясына периметрін толық қамтитын оюлы металл тор енгізілді». Ғимарат статусының дәлелі болып табылатын бұл төлқұжат ғимарат иесінің қолына алғаш рет тиді.
ҚР Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама мұрағатынан кинотеатр эскиздік жоба сызбасының көшірмесін алдық. Онда жер телімінің бас жоспары, қасбет нұсқалары, қабаттар жобасы және жекелеген сәулеттік бөлшектер қамтылған екен. Олар сәулетшілердің алғашқы идеяларын көрсетеді.

Ең жарқын ерекшелік – қасбеттің алғашқы текстурасы. Мұнда сылақ рустпен геометриялық паттерн құрайтын көптеген тіктөртбұрыштарға бөлініп тұрады. Одан басқа сызбада бүйір қасбеттерде барельефтердің екі нұсқасы көрсетілген.
Ертеректегі сызбалар бойынша басында ғимаратқа «тәж» орнату жоспарланбаған. Оған ұқсас құрылым қасбеттегі сәндік элементтердің орналасуын көрсететін кейінгі нұсқалардан көрінеді. Онда ғимараттың үстіне, неон шамдарынан болса керек, жіңішке жолақтар салынған. Бүйір қасбетте олар «КИНОТЕАТР АРМАН» деген жазуды құрайды
Сәулет элементтерінің сызбалары арасынан бұрын ғимарат алдына орнатылған жарнамалық тақта; кіре беріс есіктің түпнұсқа дизайны; бұрын кинотеатрдың ішкі ауласында орнатылған саңырауқұлақ-шамдар; көру залдарындағы экранның үстіне бекітілген «слокор» элементтері табылды. Болашақта осы элементтерді де қалпына келтіру мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ табылған сызбаларда қасбеттегі кинотеатрдың бұрынғы (мүмкін, бейресми) атауы «Алма-Ата» деп көрсетілген.

ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағатынан «тәжді» анық көруге болатын бірнеше кинофильмдер алынды. Кей кадрларда ол жекелеген бөліктерімен көрініп, суретті нақтылауға көмектеседі.
«Кеңестік Қазақстан» кинохроникасының (1968, Қазақфильм) 26-шығарылымында кинотеатрдың ашылуы туралы баяндалады, онда «Арманның» қасбетімен бірге интерьерлері де анық көрсетілген.

«Қазақстанның монументалды өнері» кинофильмінде (1976, Қазақфильм, реж. Г. Емельянов) бүйір қасбеттердегі барельефтерге баса назар аударылады. Сонымен қатар олардың үстінде орнатылған «тәждің» бөлшегі боп табылатын күнкесерлерді де айқын көруге болады.

Ғимаратты барлық жағынан толық көруге болатын фотосуреттерге қол жеткіздік (түсірілім уақыты 1991 ж.). Сол арқылы ғимараттың алғашқы көрінісін анық көріп, «тәждің» бұрын көрінбеген бөліктерін қалыпқа келтіруге болады.

Біз тұпнұсқа өлшемдерін сақтай отырып екі жағынан да сканерлеген ашықхат ғимараттың құрылысы салынып біткен кезде маңызды нысанға айналған деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Көпшілік үшін беймәлім «Қазақстанның қала құрылысы» кітабынан алынған (1973 ж., «Қазақстан» баспасы) фотосуреттер ішкі ауланың, ондағы тамаша саңырауқұлақ-шамдар мен бүйір қасбеттегі барельефтің алғашқы бейнесі туралы мағлұмат береді.

«Вечерняя Алма-Ата» газетіндегі «Арман – значит мечта» атты мақала кинотеатрдың 1968 жылы 6 қыркүйекте ашылғанын тарихта жазып қалдырды. Мақала «Арманның» ашылуы туралы кинохроникамен бірге бұл оқиғаның қала өміріндегі маңыздылығын сезінуге мүмкіндік береді.