Ева Шмитт
Қазақстан Гёте-Институтының директоры
Гёте-Институттың ауқымды желісінің бір бөлігі ретінде біз бірталай дүние, оның ішінде сәулет өнері де ортақ көптеген посткеңестік елдерде жұмыс істейміз. Кеңес Одағы кезінде сәулет өнеріне идеология айтарлықтай деңгейде әсер етті және біз сол заман нышандарының стилистикасы мен қайта ұсынылуынан ұқсас үрдістерді байқаймыз.

Біз жұмыс істейтін көп елдерде ол дәуірдің сәулеті қалалардың тарихи-мәдени бейнесінің маңызды бөлігін құраса да, мұра тақырыбына тиісті дәрежеде көңіл бөлінбейді, бірақ. Сондықтан аймақтағы Гёте-Институт өкілдіктерінде монументалды нысандармен қатар тұрғын үй ғимараттары түріндегі 1960-1980-жылдардағы кеңес модернизмі тақырыбына қатысты жоба жасау идеясы туды.

Бізді ол ғимараттардың өздері не олардың сақталуы мен қалпына келтірілуі немесе олардың тарихи келешектегі рөлі ғана емес, сондай-ақ олардың қазіргі кездегі маңызы, өткендегі рөлі және оларды қазіргі шақта функционалдық тұрғыдан қалай өзгертуге болатыны, не болмайтыны да қызықтырады. Бұл тақырып бойынша диалог бізде де, Германияда да жүріп жатыр.

Кавказдағы, бұрынғы Кеңес Одағының еуропалық бөлігіндегі және Орталық Азиядағы біздің серіктестеріміз ондай ғимараттарды, олардың қазіргі күйін және олардың қалай қолданылатынын зерттеп жатыр. Қазақстандағы ондай серіктесіміз - Urban Forum Kazakhstan. «Болашақ қаласы» қорытынды аймақтық жобасы барлық жергілікті мамандардың сараптамасын жинап, сәулет саласындағы ізденістерді ортақ бір мәнмәтінге біріктірмек.

Urban Forum Kazakhstan-ның «Арман» кинотеатрымен жасап жатқан жұмысы біздің жобамыздың ортақ идеясымен тамаша үйлеседі. Жеке бір ғимаратты, оның уақыт барысында орын алған өзгеістерін, қасбетіндегі элементтердің бірінің жоғалуын зерттеу сәулеттік әрі өнер жобасының қызықты үйлесіміне айналды.

Бір жыл ішінде «Арман Алма-Ата» жобасы бұрын белгісіз болған көптеген жаңа деректерді анықтап, кинотеатрдың келбеті мен қызметіндегі өзгерістерді тарихи мәнмәтінмен, қоғамдағы өзгерістермен байланыстыра, ғимарат жайында ғана емес, адамдар туралы да әңгімелей отырып, өзінше бір қызықты жолды артқа қалдырды. Бұл Гёте-Институттың аймақтық жобасының мақсатын бәрінен де айқын көрсетеді.
Қазақстан Гёте-Институтының қолдауымен жобаны іске асырған Urban Forum Kazakhstan